«Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы студенттерінің кәсіби қызығушылығы мен тәжірибе арқылы қалыптасатын кәсіби құзыреттілігі
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының студенттері колледж қабырғасында оқу барысында алған теориялық білімдерін мектепке дейінгі ұйымдарындағы тәжірибеде тиімді қолдана отырып, болашақ кәсіби қызметіне деген қызығушылықтарын арттыруда. Тәжірибелік кезеңде студенттер мектеп жасына дейінгі балалармен тікелей жұмыс жүргізу арқылы тәрбие беру, оқыту және дамыту үдерістеріне белсене араласып, педагог мамандығының маңыздылығын тереңінен ұғына түседі.
Іс жүзінде жұмыс істеу барысында олар баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі педагогикалық әдіс-тәсілдерді шебер қолдануға, шығармашылықпен жұмыс істеуге машықтанады. Бұл үдеріс студенттердің мамандыққа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, кәсіби таңдауларын дұрыс жасағандықтарына көз жеткізеді. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарда өткізілетін іс-тәжірибе олардың жауапкершілік, шыдамдылық, қамқорлық сияқты кәсіби қасиеттерін дамытып, болашақта білікті маман болуына негіз қалайды.
Осылайша, студенттер теория мен практиканы ұштастыра отырып, өз мамандықтарына деген қызығушылықтарын тереңдетіп, мектепке дейінгі тәрбие саласында еңбек етуге ынталарын нығайтады. Бұл олардың кәсіби-бағдарлануына оң ықпал етіп, тәрбиелеуші маман ретіндегі болмысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.