Бала жүрегіне жеткен сөздің ғұмыры ұзақ. Қазақ балалар әдебиетіне, ұстаздық пен ұлттық тәрбие ісіне өмірін арнаған Әдібай Табылдының шығармалары – соның жарқын дәлелі. 20 қарашада Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде қаламгердің туғанына 100 жыл толуына арналған «Әдібай Табылды – балалар жүрегіне жол салған қаламгер» атты облыстық әдеби-танымдық кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – жазушының әдеби және педагогикалық мұрасын жас ұрпаққа танытып, балалар әдебиеті мен ұлттық тәрбиедегі еңбегін дәріптеу. Кеш сахналық қойылым мен «Шашу» биінен басталды.
Қаламгердің өмір жолы бейнеролик арқылы таныстырылып, студенттер «Ұстаз тәлімі» жинағынан монологтар мен ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Жас студенттердің орындауы Әдібай Табылды шығармаларындағы балаға деген мейірім мен ұстаздық жауапкершілікті сезіндірді. Кештің әсерлі сәттерінің бірі – «Біздің үйдегі Әдібай ата» атты естелік-сұхбат болды.
Қаламгердің ұлы Бақытжан Әдібайұлы, келіні Үржамал Абдуллақажықызы және Орынбасар Жақсыбайұлы Әдібай Табылдының жақындары жадында сақталған болмысын еске алды.
Ал профессор Меңдібай Әбілұлы қаламгер шығармаларының балалар әдебиеті мен педагогикадағы орны туралы ой бөлісті. Бағдарламада Әдібай Табылдының ұлттық тәрбиеге арналған еңбектеріне де назар аударылды.
Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған кітап көрмесі қатысушыларға қаламгер мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. «Халықтық дәстүрді қадірлей білмеген бала – әдепсіз бала» деген Әдібай Табылдының тағылымды сөзі кештің өзегіне айналды.
Оның балаларға арнаған шығармалары мен ұстаздық ойлары бүгінгі ұрпақ үшін де құнды. Әдеби кеш осы мұраны танып, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте ұқтырды. Әдеби-танымдық кеш қаламгердің шығармаларын жас ұрпаққа танытып, оның бала тәрбиесіне арналған өнегелі ойларын қайта жаңғыртты.