Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің тамыры тереңде жатыр. Колледж тарихы 1920 жылдың қазан айынан басталады. Колледждің 100 жылдығы Ұлы Абайдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келді. Тарихы терең білім ордамыз бастауыш мектептің мұғалімдерін даярлайтын ең алғашқы оқу орындарының бірі болды.
XXI ғасырға аяқ басып, келешек жылдарға жоспар құра отырып, колледждің 100 жылдық тарихына көз жүгіртейік.
1920 жыл ел тарихындағы елеулі оқиғаларға толы кезең болды. Қазақ АКСР құрылып, ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадамдарға аяқ басу үшін тек сауатты адамдар ғана емес, ұлт мәдениеті мен өркениетінің қалыптасуы жолында халықты оқытуға үйрететін мамандар керек болды.
Орталық мемлекеттік мұрағатта мына деректер сақталған:
Алғашқы түлектер 1926 жылы бітіріп шықты. Олардың ішінде республикаға танымал адамдар да бар. Олар: филология ғылымының докторы, профессор Маулен Балакаев, тарих ғылымының докторы, профессор Толеген Тажибаев және тағы басқа ғалымдар бар. Алғашқы жылдары училищеде 12 ұстаз қызмет атқарса, бүгінде колледжде 176 ұстаз жұмыс атқарады.
1921 жылы 1 тамызда училище педагогикалық техникум болып өзгертілді. 9 жылдан соң педагогикалық техникум Шымкент қаласынан Аулие-Ата қаласына ауыстырылды.
Алғашқы директоры Сегізбай Айзунов болды. 1926-1929 жылдары техникумды белгілі жазушы, ірі қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймаутов басқарды. Шерім Ерманов, Ыдырыс Сағынтаев, Достай Еселбаев сияқты өз ісінің мамандары әр жылдары техникумның директорлық қызметін атқарды. Қазақстанның білім беру жүйесінде Жамбыл педагогикалық техникумы Оңтүстік өңірдегі ұлттық педагогикалық кадрлар даярлайтын бірден бір білім ордасы болды. Оқу орны бастауыш мектеп мамандарын даярлап отырды.Техникумда болашақ мұғалімдерді оқыту және тәрбиелеудің ерекше дәстүрі қалыптасты.
Алғашқы жылдары оқу мерзімі - 5 жыл болса, 1930 жылдары 3 жылдық оқуға ауысудың бағдарламасы жасалды. Сол жылы педтехникумның жанынан сырттай оқу бөлімі ашылды.
Ұ.О.С қарсаңында орыс кластары ашыла бастады.
1940 жылдан Жамбыл педагогикалық училищесі болып аталынған оқу орны облыс көлемінде қазақ және орыс мектептерінің бастауыш сыныптарының мұғалімдерін даярлайтын жалғыз оқу орны еді. 1946 жылдан бастап училищеге Абайдың есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары мектептерде мұғалімдер тапшылығы болып, сыртқы бөлімге түсушілер саны көбейді.
Колледж 100 жылда үлкен әрі маңызды жолдан өтті. Училище қабырғасында белгілі педагогтер дәріс берді. Олар: қазақтың тұңғыш темір жол инженері, тарихшы Мухамеджан Тынышбаев (1921-1922 гг), белгілі әдебиеттанушы-ғалым Мухамеджан Қаратаев, педагогика ғылымының кандидиты Ә. Мамашев т.б.
Училище түлектерінің жетістіктері Қазақстан мен қатар шет елдерде де танымал болды. Олар білімдерін тереңдетіп, педагогикалық білімдерін шыңдаумен қатар, мемлекеттік ұйымдар мен партияның көрнекті де белсенді өкілдері болып, ғылыми-ізденіс мекемелері мен жоғары және орта оқу орындарында басшылық қызметтер атқарды. Олар: филология ғылымының докторы, профессор М. Балақаев, тарих ғылымының докторы, профессор Н.Киікбаев, ақын С. Мауленов, жазушы А. Ханкелдин, Социалистік Еңбек Ері Ш.Ерманов, белгілі қоғам қайраткері, журналист Арғынбай Бекбосын, педагогика ғылымдарының докторы Л. Байсеркеев, филология ғылымының докторы, профессор Жаңғара Дадебаев, ҚР «Еңбек Ері», «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері Аягүл Миразова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков, белгілі ақын Шырын Мамасерікова, совхоз директоры болған А. Жанболатов, т.б.
1995 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесі Абай атындағы Жамбыл педагогикалық колледжі болып аталды.
1997 жылы қантар айынан бастап оқу орны Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі деп аталады.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі қазіргі заманға лайықты оқу орны. Оның негізгі мақсаты – кәсіби сапалы білім беру жүйесін құру, дағды мен құзыреттің кең түрін меңгерген білікті мамандар даярлау. Іргелі білім ордасында 176 оқытушы еңбек етуде. Оның ішінде 61% жоғары санатты білікті ұстаздар, 4 ұстаз Ы. Алтынсарин иегері, 4-уі ҚР «Білім беру үздігі», 2-уі ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», 19 оқытушы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен, 7-уі ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталғандар,
2-уі Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, 1 оқытушы Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, 1 оқытушы Республикалық «Үздік педагог-2017» номинациясының иегері.
Колледждің білім беру мен тәрбие ісінде кітапхананың алатын орны ерекше. Кітапхана қоры 94637дананы құрайды. Колледж кітапханасы бірінші қабатта орналасқан. Колледж кітапханасының 2 оқу залы, бір электронды оқу залы, екі абонемент залы, интернет желісіне қосылған 10 компьютерлік класс бар.
Колледжің негізгі оқу ғимаратты 5 қабатты: 1 мультимедиялық-лингафондық кабинет, интерактивті тақта орнатылған 6 оқу бөлмесі, спорт залы, 118 кабинеттері, медициналық пункт, 7 зертханалары бар.
Колледж күндізгі және сырттай оқу нысандарында 11 мамандық бойынша үш тілде( қазақ, орыс, ағылшын) мамандар даярлауда. Оны жүзеге асыруда 13 ПЦК, ғылыми-әдістемелік орталық ізденіс жұмыстарын жүргізуде. Тарихы терең білім ордамызда колледж тарихына арналған мұражай жұмыс істейді. Мұражай құнды фотосуретермен, мұрағат құжаттармен жабдықталған. Оқу орнында оқытушылар мен білімгерлердің сапалы орындалған жұмыстары, сондай-ақ бренд жұмыстарына арналған көрме залы бар. Онда ағаштан, темірден, теріден, бисерден, жүннен, шиден жасалған керемет бұйымдар жинақтастырылған.
Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – Қазақстанның әлемдік білім кеңістігінен орын алуы. Осы орайда колледж кәсіптік білім беруде және технологиялық әдістер арқылы мамандар даярлауды мемлекеттік тілде, орыс тілінде және ағылшын тілінде жүргізе отырып, оқу-тәрбие үрдісін жетілдіру мақсатында мемлекетіміздің әлемдік білім жүйесінде лайықты орын алуында қомақты үлесі бар оқу орны екенін дәлелдеуде.
Бүгінгі колледж – сапалы мамандар даярлайтын, еліміздегі еңселі де беделді оқу орындарының бірі.