2026 жылдың 13 сәуір күні Білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі базасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «ЖИ – ақылды оқыту жүйелері» облыстық семинар-практикум өткізілді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллект негізіндегі оқыту жүйелерін білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесін жетілдіру және заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдану дағдыларын дамыту.
Семинар барысында қатысушыларға жасанды интеллекттің білім беру саласындағы рөлі, ақылды оқыту жүйелерінің ерекшеліктері, студенттердің жеке оқу траекториясын қалыптастырудағы мүмкіндіктері туралы теориялық мәліметтер ұсынылды.
Сонымен қатар, практикалық бөлімде педагогтер ЖИ құралдарын пайдалану арқылы оқу материалдарын әзірлеу, тапсырмаларды саралау, студенттердің білімін бағалау және кері байланыс беру тәсілдерін тәжірибе жүзінде қарастырды.
Іс-шара аясында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, тиімді педагогикалық әдістер мен цифрлық платформаларды қолдану бойынша пікір алмасты.