23 қараша күні Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде сәндік-қолданбалы өнер пәні оқытушыларының ұйымдастыруымен Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Жамбыл жыры – дәуір үні» атты қалалық шығармашылық конференция өтті.
Конференция барысында студенттер жыр алыбының өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама жасап, ақынның өлеңдеріне арнап салған суреттерін таныстырды. Олар өз туындыларын қорғау кезінде жырдағы ой мен көркем бейнені сурет арқылы қалай жеткізгенін түсіндірді.
Іс-шараның мақсаты – Жамбылдың әдеби мұрасын дәріптеу, оның жырларындағы елдік пен ерлік, адамгершілік пен отансүйгіштік құндылықтарын таныту және студенттердің шығармашылық ізденісіне қолдау көрсету.