республикалық диалог алаңы
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен ұлы жазушы, данышпан ойшыл, ғұлама ғалым, асыл азамат М.Әуезовтің 125 жылдығына арналған жазушының әлемдік өркениет пен адамзат ақыл - ойы тарихындағы орны мен рөлін айқындау, қазақ әдебиетінің даму үдерістерінің тарихын және бүгінін саралап, қаламгер мұрасындағы Алаш парадигмасы, жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген озық идеяларын насихаттау мақсатында «ӘУЕЗОВ ЖӘНЕ АЛАШ» тақырыбында қараша айының 11-і күні республикалық диалог алаңы өткізілді. Аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге аман жетуіне себепкер болған Әуезовтей заңғар жазушы жайлы еркін әңгімеге филология ғылымдарының докторы, профессор, "Дулатитану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры С.О. Құлбарақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Мұхтартану» ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері А.Қалшабек, филология ғылымдарының докторы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Университеті «Абайтану» институтының директоры А. Қартаева, Семей қаласы, Ә. Бөкейхан университеті, филология кафедрасы, PhD доктор Р. Садықова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Мұсалы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Ә.Исабек, Ә.Бөкейхан университеті, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі А.Рахметуллин, Семей қаласы, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-шебер К.Мусина, тарих және қоғамдық пәндер оқытушысы Т.Мұқанов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Р.Саламатова мен Т.Мұқашев, "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Ә.А.Найзабаевтар қатысты.
Диалог алаңын колледж директоры ашты:
- Құрметті әріптестер! Бүгін біз қазақ әдебиетінің алыбы, халқымыздың рухани мәдениетін бүкіл дүние жүзіне таныс еткен ұлы жазушымыз, даңқты драматург, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай өткізілгелі отырған диалог алаңына жиналып отырмыз. Қазақ халқының рухани өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаламгердің өзінен кейінгі мәңгілік ғұмыры да толассыз жаңалықтарға толы. Әлем жұртшылығы қазақ халқының рухани мәдениетін Мұхтар Әуезов шығармашылығы арқылы танып келеді. Әлемдік деңгейдегі танымал қазақ жазушысы ретінде Мұхаң өзі бағындырған биікте әлі де тұр.
Әуезов – сарқылмайтын рухани кеніш іспетті кең тақырып. Бүгінгі еркін әңгіме алаңы әуезовтану саласына тың ойлармен соны серпін беріп, толассыз ізденістерге қозғау салары сөзсіз. Әуезовтану ғылымына елеулі үлес қосып жүрген, әр өңірден қатысып отырған ғалымдар мен ізденушілер, сіздер, өскелең ұрпаққа тағылымы мол әңгіме өрбітеді деген сенімдемін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Іс-шарада әңгіме «Аманат арқалаған алашшыл Әуезов», «Ұлы суреткердің әдеби тіл әлемі», «Абайтанушы Әуезов және мұхтартану мәселелері», «Әуезов ұрпақтары» тақырыптары аясында өрбіді.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Университеті «Абайтану» институтының директоры А. Қартаева М.Әуезовтің қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуы мен алғашқы әдеби-мәдени шығармашылығының оянуына, сондай-ақ жазушылық, ғылыми-зерттеушілік, публицистік қабілетінің шыңдалуына себепкер болған алаш әдебиеті екендігін тілге тиек ете отырып, Алаш арыстарымен Әуезовтің рухтас, ниеттес, серіктес болғандығы жайлы деректер келтірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Л.Мұсалы және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік иуниверситеті филология ғылымдарының докторы, профессор, "Дулатитану" ғылыми-зерттеу орталығының директоры С.О.Құлбарақ жазушының суреткерлік шеберлігіне тоқталды.
Сонымен қатар еркін әңгіме алаңында Әуезов ұрпақтары жайлы тың деректер айтылды.
Тағылымды ойлар айтылған іс-шараның бүгінгі жас ұрпақ үшін маңызы ерекше болды.