2026 жылғы 19 қарашада Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Инклюзия – ортақ құндылық: білім берудің барлық сатысындағы тиімді педагогикалық шешімдер» тақырыбында қалалық тәжірибе алмасу алаңы өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – инклюзивті білім беруді тиімді ұйымдастырудың заманауи педагогикалық тәсілдері мен әдістерін насихаттау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға қолайлы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру жолдарын көрсету және педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарының педагогтері өз тәжірибелерімен бөлісіп, инклюзивті білім берудің түрлі бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар мен практикалық жұмыстар ұсынды.
Бағдарлама аясында:
- Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесі» шығармасы негізінде әдеби-көркем композиция ұсынылды;
- көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың инклюзивті қызметі таныстырылды;
- логопедиялық қолдау мен арнайы сыныптардағы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелері қозғалды;
- ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен жұмыс тәжірибелері ортаға салынды;
- музыкалық білім беруде нотаны аудио және тактильді әдістер арқылы меңгерту жолдары көрсетілді;
- «Зерде» инклюзивті әліппесінің тиімді қолдану тәжірибесі таныстырылды;
- тұлғаның қоғамдық ортаға бейімделуі жөнінде маңызды ойлар айтылды.
Тәжірибе алаңы барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, тиімді әдіс-тәсілдермен, көрнекіліктермен және практикалық шешімдермен бөлісті.
Әрбір ұсынылған жұмыс инклюзивті білім берудің басты қағидасы – әр балаға тең мүмкіндік беру, оның жеке ерекшелігі мен қабілетін құрметтеу екенін тағы бір мәрте айқындады.
Іс-шара соңында кері байланыс жасалып, жұмыс қорытындыланды.