2026 жылдың 4 қарашасында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде қазақ даласына білім шырағын жаққан ұлы ағартушы, педагог, жазушы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин және мәңгілік мұра» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның басты мақсаты – ұлы ағартушының баға жетпес педагогикалық мұрасын зерделеу, оның озық идеяларының қазіргі білім беру жүйесіндегі сабақтастығы мен өзектілігін айқындау, ұстаздар арасында ғылыми-тәжірибелік пікір алмасу алаңын қалыптастыру.
Ыбырай мұрасы – уақытпен өлшенбейтін рухани қазына!
Тағылымды басқосуға облысымыздың әр өңірінен, шалғай аудандарынан арнайы келген техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқытушылары қатысты.
Конференцияның ерекше тұсы – қатысушылардың әртүрлі пән саласының өкілдері болуы. Бірі ағартушының педагогикалық идеяларын талдаса, енді бірі әдеби мұрасын, тәрбиелік ұстанымдарын, адамгершілік құндылықтарын және оның еңбектерінің бүгінгі білім беру кеңістігіндегі маңызын жан-жақты қарастырды.
Әртүрлі пән, әртүрлі көзқарас, әртүрлі бағыт… Бірақ барлығын біріктірген бір ұлы тұлға – Ыбырай Алтынсарин!
Бұл – ұлт ұстазы мұрасының белгілі бір пәнмен немесе кезеңмен шектелмейтінін, оның идеяларының білім мен тәрбиенің барлық саласына ортақ құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
🎓 Конференция барысында мазмұнды баяндамалар тыңдалып, тың ғылыми тұжырымдар мен тәжірибелік ойлар ортаға салынды. Әрбір баяндама ұлы ағартушы тұлғасын жаңа қырынан танытып, оның мәңгілік мұрасына деген құрметті арттыра түсті.
Іс-шара соңында конференция жұмысы қорытындыланып, барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Алыс-жақын аудандардан арнайы келіп, ғылыми ізденістерімен, тың идеяларымен бөліскен барша әріптестерімізге шынайы алғысымызды білдіреміз!