Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұйымдастырған «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне жұмыс беруші ретінде қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес 2026 жылғы түлектердің еңбек нарығына табысты бейімделуіне, кәсіби қалыптасуына және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, сондай-ақ республикадағы мәдениет және білім беру ұйымдарын білікті жас мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы 13 мамырда өткізілді.
Жәрмеңке барысында консерваторияның бітіруші студенттеріне колледждегі маман тапшылығы жоғары «Аспаптық орындау», «Вокалдық өнер», «Хор дирижері» мамандықтары бойынша арнайы пәндер педагогтерінің бос лауазымдарына конкурсқа қатысу ұсынылды. Сонымен қатар, конкурсқа қатысу тәртібі жөнінде толық ақпарат беріліп, жас мамандар жұмыс беруші тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және кәсіби қолдау шараларымен таныстырылды.
Сондай-ақ, консерватория мен колледж арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында педагогтердің біліктілігін арттыру мәселелері талқыланды. Консерватория колледждің өнер бағыты бойынша педагогтеріне өз пәндері бойынша біліктілікті арттыру мүмкіндіктерін ұсынып, қазіргі таңда 15 білім беру бағдарламасы аясында кәсіби біліктілікті жетілдіруге жағдай жасалатынын жеткізді.
Өнер саласының білікті мамандарын даярлау бағытындағы екі білім беру ұйымы арасындағы өзара ынтымақтастық алдағы уақытта да өз нәтижесін беретіні сөзсіз.